Атырау облысында боранды күні ауыл тұрғындарының 70 сиыры жоғалған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында боранды күні ауыл тұрғындарының 70 сиыры жоғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 23 ақпанда қатты боран салдарынан 70 сиыр жоғалып кеткен.

«Жылыой ауданындағы Майкөмген елді мекенінің тұрғындары жоғалған 70 сиырды өздері іздеген. Одан ешқандай нәтиже шықпаған соң сақшылардың көмегіне жүгінген. Жылыой ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жайық Қойбасов жоғалған​ малдың 40-қа жуығын 12 күннен соң Майкөмген ауылынан 180 шақырым қашықтағы Маңғыстау облысы Қаракиіз тауының жиегінен тауып, иелеріне әкеліп тапсырды. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан іздеу жұмыстары біршама қиындық туғызғанмен, полиция қызметкері жоғалған сиырларды іздеуде табандылық танытты. Алайда, әлі де табылмаған 30-ға жуық сиырды іздеу жалғастырылып жатыр» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Мүйізді ірі қарасы табылған тұрғындар полиция қызметкерлердің қиын да жауапты міндетін адал атқарып, көмек бергені үшін алғысын бейнежазба арқылы білдірді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 150 қойымен бірге жоғалып кеткен егде жастағы адам табылғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар