Атырау облысында биылғы үш айда жол-көлік оқиғалары 15,2 пайызға азайған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда облысында биылғы үш айда жол-көлік оқиғалары 15,2 пайызға азайған. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары, зардап шеккендер мен мерт болғандар саны азайған.

«Биылғы жылдың үш айында жол-көлік оқиғаларының саны 15,2%-ға азайды. Жол апатынан қаза болғандар саны 80%-ға, жарақат алғандар 7,1%-ға төмендеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының 579-шақырымында, «Атырау-Орал» тас жолының 6, 9 және 11-шақырымында, «Атырау-Индер» тас жолының 17-шақырымында «Кордон» жылдамдықты өлшеу құралдары орнатылды. Атырау қаласының сыртындағы трассалардың 275 нүктесінде «Сергек» жылдамдық өлшеу құралын орнатуға ұсыныс берілді. Бұл құрылғыны орнату үшін «Көркем-Жайық Телеком» ЖШС-мен келісім жасалды», - деді Нұрхат Оразбаев.

Облыс әкімінің пікірінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жауапкершілікті күшейту керек.

«Тас жолда көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Соның салдарынан қайғылы оқиға көп тіркеледі. Көлік жүргізушілері жолаушылардың жылдамдықты арттыруды сұрайтынын айтады. Бірақ, жүргізушілер көліктегі адам өміріне жауап береді. Сол себептен, біріншіден жүргізушілерге талапты күшейтіп, тексеру қажет. Егер оған сай келмесе, жүруге тыйым салыңыздар. Екіншіден, қазір баласын рөлге отырғызатын ата-аналар бар. Мәселен, Құрманғазы ауданында сондай оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. Бала қайтыс болды, ата-анасы қайғырып отыр. Осы орайда, заң аясында шара қолданбасақ, мұндай оқиғалар қайталана береді. Сол себептен, жүргізушілерге де, ата-аналарға да жауапкершілікті күшейту керек», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 53 адам мерт болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар