Атырау облысында биылғы бес айда 5 адам суға батып кеткен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы бес айда 5 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 1 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Асқат Ержановтың мәліметінше, биыл Атырау қаласында 28 жағажайда шомылуға тыйым салынып отыр.

«Биыл суға шомылу маусымы әлі басталмағанына қарамастан, 5 ай ішінде су айдындарында 5 адам батып кетті. Оның ішінде 1 бала бар. Өткен жылы облыстағы су айдындарында 28 адам ажал құшты. Өкінішке орай көз жұмғандардың арасында 10 бала бар. Ел аумағында 1 маусымда суға шомылу маусымы ашылды. Алайда, Атырау қаласындағы жағажайлар суға шомылу маусымына дайын емес. Қазір төтенше жағдайлар мамандары суға түсуге рұқсат етілген ачаскелерді тексеріп, су түбін қоқыстар мен артық заттардан тазартып жатыр», -дейді Асқат Ержанов.

Оның айтуынша, Атырау қаласында, Жылыой және Құрманғазы ауданындағы судан құтқару станцияларында орналасқан үш жедел-құтқару жасағы қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі жоспарланып отыр.

«Атырау қаласының аумағында 28 жағажайға суға түсуге тыйым салынды. Мұндай жағажайлар Жұмыскер, Қызылбалық, Дамбы, Талғайран, Геолог, Томарлы, Ақсай, Ақжар ауылдары, Перетаска, Еркінқала, Қараөзек, Береке елді мекендерінде, Балықшы шағын ауданындағы стадион тұсында, Бейбарыс көшесі арқылы өтетін көпір маңындағы ескі паром, Көкарна ауылыныңдағы 5-өткелінде, Рембаза, Авангард шағын аудандарында, Б.Нысанбаев, М.Халелов, Ө.Атамбаев, Темірханов көшелерінде, «Коттеджный қалашығы» мен Соколинск каналында орналасқан», -деп мәлім етті Асқат Ержанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 2gis қосымшасына суға түсуге тыйым салынған аумақтар енгізілгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар