Атырау облысында биылғы 10 айда қылмыс көрсеткіші 6 пайызға өскен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы 10 айда қылмыс көрсеткіші 6 пайызға өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың төрағалығымен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы 10 айда тіркелген қылмыстың саны 6%-ға өскені анықталып отыр. Оның ішінде адам өлтіруге оқталу 3-тен 6-ға (100%), ұрлық 1 081-ден 1 387-ге (28%), жол-көлік оқиғалары 163-тен 181-ге (11%), қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру 37-ден 41-ге (11%) дейін өскен.

«Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әркімнің қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Бұл Конституциямен бекітілген», -деді Бауыржан Жұмақанов.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысы қылмыстың алдын алуға бағытталуы керек. Осыған байланысты ең ұтымды ретінде жол қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыруға ден қойған жөн.

«Қылмыстық істерді тергеу кезінде әуре-сарсаңға жол берілмеуі тиіс. Өйткені, бұл қылмыстық процесті жүргізетін органның беделі мен имиджіне тікелей әсер етеді. Сол себептен, кісі өлтіруге қатысты қылмыстық істерді, жол-көлік оқиғасы кезінде және өндірісте дене жарақатын алу, адамдардың қайтыс болу дерегі бойынша істерді сапалы әрі жедел тергеп-тексеруді қамтамасыз ету қажет», -деп мәлім етті Бауыржан Жұмақанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының полицейлері іздеуде жүрген 80 қылмыскерді ұстағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар