Атырау облысында биыл АИТВ инфекциясын жұқтыру 1,8 есе өскен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы 10 айда АИТВ инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 1,8 есеге өскен. Қауіпті инфекцияны жұқтырғандар арасында 5 шетелдік, 56 қазақстандық бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығы директорының орынбасары Гүлнәр Омарованың мәліметінше, жыл басынан бергі 10 айда АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны 61-ге жеткен.

«Былтырғы 10 айда аталған инфекцияны 36 адам жұқтырған еді. Ал, биыл АИТВ инфекциясына шалдыққандар арасында 5 шетелдік пен еліміздің 56 азаматы бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, жұқтыру көрсеткіші 1,8 есеге өсіп отыр. Жұқтырушылардың басым бөлігі – ер адамдар», -дейді Гүлнәр Омарова.

Оның айтуынша, АИТВ инфекциясымен тіркелгендер санының артуына тұрғындарды тестілеу көрсеткішінің 10 пайызға өскені себеп болған.

«Мәселен, клиникалық көрсеткішке сәйкес тексерілгендер саны 36 пайызға артты. Тұрғындардың тәуекел топқа жататындардың арасында АИТВ жұқпасы бойынша түсіндіру, алдын алу жұмыстарының жиілеуі нәтижесінде тестілеуден өтуге жіберілген адамдардың да саны көбейді», -деп мәлім етті Гүлнәр Омарова.

Өңірлік орталық дәрігерлерінің айтуынша, Атырау облысында ең алғаш рет АИТВ инфекциясы 1993 жылы тіркелген. Бұл инфекцияның таралуының үш жолы анықталып отыр. Бұл – жыныстық, иньекциялық және анасынан балаға жұғу. Қазір жыныстық жолмен таралу жағдайы көбейген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір жылда 47 адам АИТВ инфекциясын жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар