Атырау облысында биыл 1,4 млн көшет егіледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биыл 573,5 гектар жерге 1 млн 439 көшет егіледі. Оның ішінде қарағаш, үйеңкі, шаған, қара тал, ирга, сексеуіл, тамарикс көшеттері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше, 2021-2025 жылдары аралығында 7 млн көшет егу көзделген.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2021-2025 жылдары орман алқабында 2 млрд тал егу жөнінде берілген тапсырмасы бар. Осы тапсырманы жүзеге асыру үшін Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтуға арналған кешендік жоспары бекітілді. Жоспар бойынша бес жылда 2803 гектар орман алқабына барлығы 7 млн көшет егу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен 805 млн 400 мың теңге бөлу жоспарланды», - дейді Нұрлан Жантоқов.

Оның айтуынша, 2021 жылы облыстық бюджеттен 214 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы орман шаруашылығы мекемелеріне техника алуға, тұқым жинау, өңдеу, сақтау, қоршау жұмыстарын жүргізуге, маусымдық жұмысқа қосымша тартылған жұмысшылардың еңбек ақысын төлеуге жұмсалған.

«Сол жылы облыстағы орман қорының 309 гектар алқабына 905 мың көшет егілді. Ал былтырғы жылы орман қорындағы 543,5 гектарға 1 млн 389 мың көшет егу жоспары толығымен орындалды. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен 253,1 млн бөлініп, тиісті жұмыстарға жұмсалды. Бес жылдық жоспарға сәйкес осы жылы 573,5 гектар жерге 1 млн 439 мың көшет егу жоспарланып отыр. Оның ішінде қарағаш, үйеңкі, шаған, қара тал, ирга, сексеуіл, тамарикс көшеттері бар. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Нұрлан Жантоқов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 55 қоқыс полигоны барын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар