Атырау облысында бірінші сыныпқа қабылдауға 17 мың өтініш түскен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға 17 мыңнан астам өтініш түскен. Балалардың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжат тапсыру 1 сәуір-1 тамыз аралығында жүргізілген.

«Атырау облысында үш айдың ішінде балаларды 1 сыныпқа қабылдауға 17 245 өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. Бірінші сыныпқа бару үшін құжат қабылдау 1 сәуірде басталған еді. Бүгін 1 тамызда аяқталды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырып, құжаттар egov.kz веб-порталы арқылы қабылданды», -дейді Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру, басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтініштің 15 мыңға жуығы электронды форматта қабылданған. Ал екі мың өтініш қағаз түріндегі дәстүрлі форматта тапсырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын ҰБТ-да 132 балл жинаған атыраулық түлек Оңтүстік Корея университетіне оқуға түскенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар