Атырау облысында бір жыл бұрын кісі өлтірген 8 адамға сот үкімі шықты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір жыл бұрын кісі өлтірген 8 адамға сот үкімі шықты. Сотталушылардың үшеуі 15 жылға, бесеуі 6 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқаны үшін айыпталған 8 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағымен айып тағылған.

«2021 жылдың 6 тамызында Индер ауданында К. сотталушы А-ны ұрып-соғып, оған дене жарақатын келтірген. Бұл туралы сотталушы А-ның достары Т., Х., Б. және У. естіп, 8 тамызда қаладан ауылға келген. Сағат 13:00 шамасында сотталушылар А., О. және куәлар М., И. жәбірленуші К-ның үйіне келіп, оған А-мен сөйлесу үшін ауыл сыртына шығуды ұсынған. Басқа адамдар жөнінде білмеген жәбірленуші К. сөйлесуге шыққанда Т., Ғ., Х., Б., Ә., У. бұларды сыртынан тығылып бақылап, оқиға орнына келген. Жәбірленуші А-мен сөйлесіп тұрған кезде басқа адамдардың келгенін, Т-ның көліктен тұрбамен шыққанын көріп, дереу қаша жөнелген. Бәрі жәбірленушінің соңынан қуғанда, Ғ. бірінші болып жетіп, оны шалып құлатқан. Сол кезде сотталушылар Т., Ғ., О., Ә., А., Б., У., Х. жәбірленуші К-ні ұрып-соғып, теуіп, оған ауыр, орта, жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген. Т. темір тұрбамен оның басынан, бетінен, аяқ-қолынан бірнеше рет ұрып-соққан. Олар жәбірленушіні ауыр дене жарақатымен оқиға орнында тастап кеткен. Сол күні жәбірленуші К. ауруханаға барар жолда қайтыс болған»,-деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сотта сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, сотталушылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен дәлелін тапты.

Прокурор сотталушы Т-ны 17 жыл, сотталушы О-ны 16 жыл, өзгелерін 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар кінәсін ішінара мойындады. Қорғаушы тарап сотталушылардың іс-әрекетін жеңіл санаттағы қылмыс үшін қайта дәрежелеуді сұрады.

Сотталушылар А., Б, Ә., Х., У-дың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен қайта дәрежеленді.

Сот сотталушы О-ның алкогольді мас болып қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кінәсін ішінара мойындауы, Ғ., Ә. мен У-дың жасөспірім балалары бар екені ескерілді.

«Сот үкімімен Т., Ғ., О. ҚР Қылмыс кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағымен кінәлі деп танылып, оларға 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, А., Б., Ә., Х., У. 106-баптың 2-бөлігінің 5-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сотталушылардан жәбірленуші тараптың пайдасына 37 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян үшін өтемақы өндірілді», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің ісі сотқа жеткенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар