Атырау облысында бір отбасының екі баласы наркологиялық есепке алынған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында бір отбасының екі баласы наркологиялық есепке алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ​

​Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділік мәселесі қозғалды.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің айтуына қарағанда, полиция есебіне 9 кәмелетке толмаған алынған.

«Олардың төртеуі жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары болса, бесеуі арнаулы және жоғары білім беретін ұйымдардың студенттері.​ Сонымен қатар, төрт оқушының үшеуі арнайы есепке қойылды», - деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданында наркологиялық есепте бір отбасыдан екі баланың тұрғанын сынға алды. Осыған орай аудан басшылығына тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

«Біз есепте тұрған балалардың болашағына жауаптымыз. Олардың жақсы тәрбие алып, өмірде өз орнын табуына тікелей ықпал етуіміз керек. Салаға жауапты мамандар әр балаға тұлға ретінде қарауы тиіс» деп атап өтті Бақытгүл Хаменова.​

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, психикалық​ денсаулық орталығында психиатриялық есепте тұрған науқастар үшін 145 төсек-орын бар. Оның ішінде наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандар үшін 5 төсек-орын жасақталған.

«Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында уытқұмарлыққа салынған үш құлсарылық тіркеуге алынды. Оларға нарколог маман тексеріс жүргізуде», - деді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Ембергенің мәліметінше, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал ететін балалар ойын алаңы көбейе түскен. Бұл қала тұрғындарының, ПИК ​ және облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысына байланысты қолға алынған.

«Көп қабатты бес тұрғын үйдің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған жоба аясында алты футбол алаңы, 11 балалар ойын алаңы, 8 спорттық-жаттығу алаңы, 24 ересектер отыратын алаң орнату қарастырылды. Тозығы жеткен бір футбол, үш балалар ойын алаңы ауыстырылды.

Биыл 100 балалар ойын алаңын ағымдық жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланған болатын. Алайда, пандемияның бірінші толқынында жарияланған төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарындағы қиындықтар салдарынан​ қаражат бюджетке кері ​ қайтарылды», - деп нақтылады Самат Емберген.

​Комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жауапты органдарға​ балалардың білім беру ортасындағы психологиялық қауіпсіздігін арттыруға, салауатты өмір салтын сақтауға, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түнімен көше кезген 131 жасөспірім ұсталған болатын.



Соңғы жаңалықтар