Атырау облысында бір мезетте төрт пәтер отқа оранды

2022 жылғы 18 қараша, 12:05
Атырау облысында бір мезетте төрт пәтер отқа оранды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір мезетте тұрғын үйдің төрт пәтері өртенді. Жалын ортасынан 8 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт Мақат ауданындағы Доссор кентінде бүгін жергілікті уақытпен сағат 07:00 шамасында болды. Бұл туралы «102» операторына хабар түскен.

«Мақат ауданының орталығынан 30 шақырым қашықта орналасқан Доссор кентіндегі 6 пәтерлік тұрғын үйде өрт тұтанды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері үйден тұрғындарды эвакуациялап, өрт сөндірушілермен бірге тілсіз жауды сөндіруге атсалысты. Жалынның ортасынан 8 адам, оның ішінде 5 бала қауіпсіз жерге шығарылды», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, Доссор кентіндегі 6 пәтерлік тұрғын үйдің 4 пәтері бір мезетте отқа оранған.

«Өрт неден шыққаны кейін нақтыланатын шығар. Ең бастысы, от шарпыған пәтерлердің тұрғындарын шығаруға тырыстық. Зардап шеккендер жоқ. Жалын өршіп кетпеуі үшін өрт сөндірушілерге көмектестік. Мұндайда өртенген тұрғын үйдің аумағына бөгде адамдардың баруына тосқауыл қойылуы керек», - дейді Мақат аудандық полиция бөлімі Доссор полиция бөлімшесінің бастығы Дәурен Мағзомов.

Айта кетейік, Д.Мағзомовпен бірге тұрғындарды эвакуациялауға патрульдік полиция қызметінің инспекторы Жантілек Елғондиев көмектескен.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar