Атырау облысында бір көлік өртеніп, екіншісі аударылып қалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір көлік өртеніп, екіншісі аударылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 103 көлік өрті тіркелген.

«Жүргізушілер көліктерін жиі тексерістен өткізбейді. Көліктің өртінің дені электр желісінің тұйықталуынан болады. Былтыр 32 жүк көлігі, 64 жеңіл автомобиль, 4 автобус, өзге де 3 техника өртенді. Осындай көлік өрті 19 қаңтарда сағат 08:39-да тіркелді. Атырау қаласының Гурьевская көшесінде орналасқан «Ажар» сауда орталығының алдында Volkswagen Golf маркалы автокөлігі отқа оранды. Құтқарушылар көліктің қозғалтқыш бөлігі электр желісінің тұйықталуынан өртенгенін анықтады. Бұл көлік зауыттан 2003 жылы шығарылған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал, бүгін, 20 қаңтарда сағат 09:00 шамасында «Атырау-Индер» тас жолында Volvo маркалы жүк көлігі аударылып қалды. Көлік рульінде отырған 32 жастағы жүргізуші басқару жүйесін игере алмаған.

«Бұл жүк көлігінің аударылуына басты себеп ретінде қарастырылып отыр. Маңғыстау облысының иелігіндегі жүк көлігі Түркіменстан Республикасынан Ресей Федерациясына бағыт алған. Жүк көлігіне қызанақ тиелгені анықталды», -деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қатты жел шатырды ұшырып, электр бағанын көлік үстіне құлатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар