Атырау облысында бекіре өсіру зауыттары жаңғыртылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау облысында бекіре өсіру зауыттарын жаңғыртуға қатысты инвестициялық ұсыныстар әзірленеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын табиғи су қоймаларында балық ресурстарын сақтау және көбейту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын балық шабақтарының өсімін қамтамасыз етеді. Бірақ олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді», - деді С. Брекешев.

Осы орайда ол Президент бұл мәселені көтеріп, Атыраудағы екі бекіре балық өсіру зауытын реконструкциялауды және жаңғыртуды тапсырғанын айтты.

«Біз инвестициялық ұсыныстарды әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізетін боламыз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.

«Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай етіп жаңғырту керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары кезінде.


Фото:api.bashinform.ru

Соңғы жаңалықтар