Атырау облысында бастауыш сынып оқушылары сабақты онлайн форматта оқиды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ертең Атырау облысында бастауыш сынып оқушылары сабақты онлайн форматта оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Ертең, 9 ақпаннан бастап Атырау қаласы мен аудандардағы мектептердің 5-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері оффлайн режимде оқиды. Ал, 0-4 сынып оқушылары сабақты онлайн форматында жалғастырады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырау облысында екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өткен еді.

Бұған мұнайлы өңірде қар жауып, екпінді желдің соққаны себеп болған.

«Атырау облысында күн райының қолайсыздығынa байланысты қала және аудандардағы мектептерде 0-11 сынып оқушылары, колледж студенттері сабақты 7 ақпан түстен кейін онлайн форматта оқып жатыр. Сабақты онлайн форматта өткізу әдісі 8 ақпанда да жалғасады», - деп мәлім еткен еді басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындаған болатын.

«AKZHAYIK Avtopark» ЖШС кеше, 7 ақпанда сағат 17:00-де Атырау қаласына іргелес орналасқан елдімекендерге қатынайтын 50, 52, 53, 54, 55, 56, 58, 58А, 59, 62, 64-маршруттағы қоғамдық көліктер қозғалысын тоқтатты. Бұған елдімекендерге жолаушы тасымалдайтын автобустардың қарға батып, жүруі қиындағаны себеп болған.

Сондай-ақ, қалың қар жауған Атырауда 190 адам құлап, жарақат алған.

Атырау облыстық ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі Асхат Бисенғалиевтің айтуынша, 6 ақпанда 55, 7 ақпанда 70 адамды қабылдадық. Бүгін, 8 ақпанда түске дейін бөлімшеге түрлі жарақаты бар 65 адам келген. Олардың қолы, тобығы мен желке тұсы сынған.


Соңғы жаңалықтар