Атырау облысында балықтың қырылу қаупі жоғары

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында су айдындарының қураған ағаш пен өсімдіктерден тазаланбауы балықтың қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен су айдындарында балықтың жаппай қырылуының алдын алу жөніндегі жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, балықтардың қырылу қаупін болдырмау үшін 2021-2025 жылдарға арналған бірнеше ауқымды шара дайындалған.

«Қазір су айдындарында балық қырылуы мүмкін қауіпті аймақтардың тізімі жасақталып, бақылау жұмыстары күшейтілді.​ Әр тоқсан сайын атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіледі. Орман қорының аумағындағы су айдындарында балықтың қырылу қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Өйткені, орман қорындағы су көздері қураған ағаштар мен өсімдіктерден тазаланбаған. Бұл шабақтың еркін қозғалысына кедергі келтіріп, қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін», - дейді Артур Сәдібекұлы.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырау қаласының маңында балық қырылғанын жазған едік.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің айтуынша, жағдайға себеп – балықтың таяз жерге шығып қалуы.

Кейін Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде балықтың қырылғаны белгілі болды.

«Күннің ысуына байланысты көлдегі оттегі азайып, шабақтар үшін қауіп төнген. Нәтижесінде балықтар қырылған. Өлген балықтар сүзіліп, санитарлық талаптарға сай көміледі. Ал, көлден 300 метр қашықтағы арнаның өзінде су терең болғандықтан, онда балықтың өлуі тіркелген жоқ. Алмағамбет су айдыны орман алқабына кіреді. Бұл жердегі жыңғылдарды жұлу, жою, қазу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы рұқсат алу қажет», -деген еді басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы.


Соңғы жаңалықтар