Атырау облысында балабақша мүлкін талқандаған жасөспірімдер камера арқылы анықталған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында балабақша мүлкін талқандаған жасөспірімдер бейнекамералар арқылы анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласындағы «Қызғалдақ» блабақшасының ғимаратында орнатылған бейнебақылау камералары толық тексерілген.

«Камералардағы жазба мұқият тексерілді. Содан кейін бейнежазба арқылы кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың жеке басы анықталды. Балабақшаларды күзету мәселесі бақылауға алынды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, оқиға Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 1 қазанда болған. Мектеп жасындағы жасөспірімдер кешке таман «Қызғалдақ» балабақшасына жасырынып кірген. Олар ойыншықтар мен гүлдерді шашып, астан-кестеңін шығарған.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, балабақшадағы орындықтарды, ойыншықтар мен гүлдерді шашып, бүлдірген 9 жасөспірім ұсталған. Олар – 6-7-сынып оқушылары.

«Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы балабақша ішінде болған құқық бұзушылық фактісіне қатысты 6-7 сыныпта оқитын 9 оқушы анықталды. Олардың ата-анасы аудандық полиция бөліміне шақыртылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды», - деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар