Атырау облысында ауыл шаруашылығын дамытуға 2,5 млрд теңге бөлінген

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысында ауыл шуаруашылығын дамытуға 2 млрд 539 млн теңге бөлінген. Алайда, жыл басынан бері шаруагерлерден субсидия алуға өтінім түспеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметінше, аталған салада 3 200-ге жуық заңды және жеке тұлғалар тіркелген. Оның жартысына жуығы ауыл шаруашылығында кәсіп ашқан.

«Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 2 млрд 539 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 1 млрд 50 млн теңге мал шаруашылығын өркендетуге жұмсалады. Ал 320 млн теңге егін шаруашылығын дамытуға бағытталады. Сондай-ақ 720 млн теңгені инвестициялық шығыстардың бір бөлігін өтеуге жұмсау көзделген», - дейді Амангелді Саламат.

Оның айтуына қарағанда, биылғы жыл басталғалы бері атыраулық шаруагерлер тарапынан субсидия алуға өтінім түспеген.

«Сусидиялау мәселесінде бірқатар проблемалар бар. Осы мәселелерді шешу мақсатында субсидиялаудың негізгі ережелері мен қағидаларына өзгерістер енгізу жайы қарастырылып жатыр. Осыған орай Атырау облысынан ұсыныстар жолданды. Наурыз айының соңына дейін жаңа өзгерістер енгізілетіні күтіліп отыр», - деп мәлім етті Амангелді Саламат.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 млрд 35 млн теңге бөлінгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар