Атырау облысында аттан құлаған 12 жасар бала канал суына батып кетті

None
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аттан құлаған жасөспірім канал суына батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 30 мамырда болған.

Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 15:00-де хабар түскен.

«Құрманғазы ауданының орталығы – Құрманғазы кентінен 38 шақырым қашықтықтағы Сафон ауылында тұратын 2011 жылғы жасөспірім атпен жасанды каналдың арғы жағалауына мал айдап өтпек болған. Сол кезде аттан құлап, канал суына батып кеткен. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сағат 15:30-да суға батқан жасөспірімнің мүрдесін тапты», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Іздестіру-құтқару жұмысына төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер мен 2 техника, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер мен 1 техника, ауылдың 20 тұрғыны мен 2 қайық жұмылдырылды.

«Өңір тұрғындарына су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтауға байланысты профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, жыл басынан бері облыстағы су айдындарында 3 адам батып кетті. Оның ішінде 2 бала бар. Құтқарушылары 4 адамды құтқарып қалды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 15 жасар жасөспірім канал суына батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Бұл оқиға кеше, 29 мамырда тіркелген.

Бір топ жасөспірім Құрманғазы ауданындағы Нұржау ауылының тұсымен өтетін Шарон өзенінің сағасындағы «Жіңішке» каналының тыйым салынған жеріне суға түскен.

Жергілікті уақытпен сағат 17:07 шамасында 2008 жылғы жасөспірімнің тереңдігі 3 метр болатын канал суына шомылу кезінде батып кеткені анықталды.

Сағат 19:05-те жасөспірімнің мүрдесі судан шығарылды.


Соңғы жаңалықтар