Атырау облысында әскерден бүгін оралған 4 жігіт бірден дауыс беруге келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әскерден оралған 4 жігіт үйіне бармастан бұрын дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елтай Есенаманов, Жандос Қабдолов, Айбек Амантаев пен Ерасыл Батырбекұлы әскерден оралды. Сарбаз киімін шешіп үлгермеген жігіттер Махамбет ауданындағы туған ауылы – Сарытоғайдағы үйіне бірден барған жоқ. Алдымен, дауыс беру үшін №220 референдум учаскесіне барды.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы №5573 әскери бөлімінде борышымызды өтедік. Әскерде жүріп, бүкілхалықтық референдум өтетінінен хабардар болдық. Референдум арқылы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді де білеміз. Енді міне, туған ауылымызға оралған сәтіміз референдум өтетін күнге сәйкес келгеніне қуандық. Төртеуміз жолда келе жатып, ауылға жеткен соң бірден үйімізге емес, дауыс беру учаскесіне барамыз деп келіскен едік. Уәденің аты – уәде. Бір-бірімізге берген уәдемізді орындайық деп, бірден референдум учаскесіне келіп тұрмыз. Мақсатымыз да, арманымыз да бір», -дейді әскерден оралған жігіттердің бірі Елтай Есенаманов.

Сарытоғай ауылындағы №220 референдум учаскесінде 1020 дауыс беруші тіркелген. Түске дейін мұнда 620 адам дауыс беріп үлгерген. Ал, 34 адамның үйіне учаскелік комиссия мүшелері референдум бюллетені мен жәшігін апарды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау перзентханасында жас босанған аналар дауыс бергенін, кейін жабық учаскенің бірінде дауыс беру аяқталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар