Атырау облысында әр деңгейдегі мәслихаттарға 140 депутат сайланады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әр деңгейдегі мәслихаттарға 140 депутат сайланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, 19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілген.

«Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 24 желтоқсандағы №130/625 қаулысымен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша №13 бір мандатты сайлау округінің шекаралары Атырау облысының (орталығы – Атырау қаласы) шекаралары болып айқындалды.

Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50% (15 депутат) мажоритарлық жүйе бойынша, 50% (15 депутат) партиялық тізімдермен сайланады.

Ал Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, аудандардың мәслихаттарының 85 депутаттары толықтай мажоритарлық жүйемен сайланатын болады.

Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда әр деңгейдегі 9 мәслихаттың 140 депутаты сайлануы тиіс», - деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.

Атырау облысында құрылған 365 сайлау комиссиясында 2 429 мүше бар. Оның ішінде 9 аумақтық (63 мүше), 87 округтік (435 мүше), 269 учаскелік (1931 мүше) сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан орындары, сайлау округтері, учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар atyrau.gov.kz интернет-ресурсының «Сайлау» бөлімінде орналастырылған және жергілікті газеттерге жарияланатын болады.

Еске салайық, бұдан бұрын өткен Сенат сайлауында Әлібек Нәутиев жеңіске жеткен болатын.


Соңғы жаңалықтар