Атырау облысында алманың 32 түрінен шырын өндіретін цех ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында алманың 32 түрінен шырын өндіретін цех іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданының Сарайшық ауылында алма, лимон шырыны мен квас сусынын өндіретін цех жұмыс істей бастады. Жаңа цехтың жұмысымен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов танысты.

Цехта тәулігіне 2 тонна алма, 1,5 тонна лимон шырыны мен 1,5 тонна квас сусынын өндіріледі.


«Біз алманың 32 түрінен шырын шығарамыз. Алдағы жылы 500 тоннаға дейін алма шырынын шығару жоспарда тұр. Дайын өнімді әзірге тек Атырау облысында таралады. Кейін батыс өңірдегі облыстар мен Ресей еліне экспорттаймыз. Өйткені, экологиялық таза өнімнің жарамдылық мерзімі 14 күн болғандықтан, алысқа тасу мүмкіндігі болмай тұр. Өнім 80 пайызы көкөністен, 20 пайызы судан тұрады. Су үш мәрте сүзгіден өтеді. Цехта әзірге 8 адам жұмыс істейді. Бірақ, көктем, жаз мезгілінде жұмысшылар 60 адамға дейін көбейеді. Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылады. Алдағы жылдың қаңтарында Германиядан технологтар келіп, біздің мамандарға дәріс береді. Оқу мерзімі екі айға созылады. Осылайша, қызметкерлеріміз жоғары дәрежедегі маман болып шығады», - дейді технолог Тамила Розметова.



Сарайшық ауылында орналасқан «Атырау Агро Өнімдері» серіктестігі – Атырау облысында азық-түлік белдеуін қалыптастыруда ерекше үлесі бар кәсіпорын. Ешкі сүтінен құнарлы өнім түрлерін нарыққа ұсынып отырған кәсіпорын экологиялық табиғи таза балды да шығарады. Қазір кәсіпорын жергілікті 50 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұған дейін 35 адам ешкі сүті зауытында, 15 адам алма бағында еңбек етіп келсе, енді шырын цехы арқылы тағы 8 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.


Соңғы жаңалықтар