Атырау облысында әлеуметтік нысандар құрылысын салуға 19 жер телімі бөлінген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әлеуметтік нысандар құрылысын салуға 19 жер телімі бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметіне сүйенсек, 5 жер телімінде білім беру, 19-ында медицина нысандары мен оңалту орталығын салу көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылы басталады.

«Қазір құрылыс нысандарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр. Мәселен, Махамбет ауданының Сарайшық ауылында жаңа мектеп, Атырау қаласындағы №3, 16 және 17 білім ордаларына, Мақат ауданының орталығы – Мақат кентіндегі №2 орта мектепке 250 орындық жапсаржай нысаны үшін жер телімі бөлінді. Ал, денсаулық сақтау саласына қатысты айтар болсақ, Атырау қаласының Нұрсая, Өркен шағын аудандарында 250 орындық емхана, мұнайлы шаһарға қарасты Амангелді ауылы мен Жұлдыз шағын ауданында дәрігерлік-амбулаториялық пункттің құрылысы жүргізілмек. Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық ауылдарында дәрігерлік-амбулаториялық, ал, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады», -деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.

Оның дерегіне қарағанда, Құрманғазы ауданындағы Кадырка, Шағырлы, №6 ауылдарда медициналық пункттер мен мүрдехана құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Облыстық онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, Атырау қаласында үш қосалқы стансасы бар жедел жәрдем стансасы, 250 төсектік психикалық денсаулық сақтау орталығының құрылысы басталады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар