Атырау облысында алдағы айда 6 медициналық нысан пайдалануға беріледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында алдағы айда 6 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Оның 5-еуі медициналық, 1-еуі фельдшерлік-акушерлік пункт, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, медициналық пунктілер Махамбет ауданының Еңбекшіл, Көздіқара, Аққайың ауылдарында, Жылыой ауданындағы Қарағай ауылында, Қызықоға ауданының Айдын ауылында салынып жатыр. Ал, фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы Исатай ауданының Аққыстау ауылында қолға алынған.

«Бұл медициналық пунктілердің жобасы денсаулық сақтау нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкестендірілді. Санитариялық қағидаларға сай жобалауға арналған тапсырма негізінде орындалды. Медициналық пункт аумағында санитарлық-гигиеналық жағдайларды қамтамасыз ету үшін шағын сәулет нысандарының толық жиынтығы қойылады. Нысанның сыртқы аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Аталған нысандарың құрылысы 2022 жылдың қараша айында басталған. Жобаға сәйкес тұрғындар игілігіне осы жылдың маусым-шілде айларында пайдалануға беріледі», - деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.

Оның айтуынша, медициналық пункт ғимараты бір қабаттан тұрады. Оның жалпы аумағы – 266,35 шаршы метр. Нысандағы егу және емдеу кабинеттері арнайы медициналық жабдықпен қамтылған. Орта медициналық қызметкерлер бөлмесі, ординатор, акушер кабинеті бар. Зерттеу жүргізуге, материал жинауға, дезинфекция құралдарын дайындауға және сақтауға арналған бөлмелер қарастырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 2025 жылға дейін 30-ға жуық медициналық нысан салынатын хабарлаған болатынбыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар құрылысы іске асырылып жатыр. Өңірде 2025 жылға дейін осындай 30-ға жуық нысанды іске қосу көзделген.


Соңғы жаңалықтар