Атырау облысында 994 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 994 отбасыға 258 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің дерегіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек 1 тамыздан бастап беріліп жатыр.

«Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында өңірдегі 994 отбасындағы 5 555 адамға 258 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 775 отбасының 4 576 мүшесіне шартты ақшалай көмек, 247 отбасындағы 1 142 адамға шартсыз ақшалай көмек берілді. Мәселен, шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кемінде бір мүшесі бар отбасыларға арналып отыр. Мұны әлеуметтік келісімшарт жасалған және адал орындаған жағдайда көрсетіледі. Ал, шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз адамы бар отбасыларға немесе отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесі объективті себептермен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ жағдайда беріледі», - дейді Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санатына талдау жасалған. Соған сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар – 66,4%, жұмыссыздар – 3,2%, көмекке жүгіну кезінде жұмысы барлар –12,9%, тәуелсіз қызметкерлер – 0,7%, зейнеткерлер – 0,7%, барлық топтағы мүгедектер – 0,9%, студенттер – 3,6%, бала күтімімен отырғандар – 10,7%, басқа санатқа кіретіндер 0,9% құраған.

«Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілетті саны – 1 326 адам. Оның ішінде 38-і тәуелсіз қызметкерлер, 720-ы жүгіну кезінде жұмысы барлар, 180-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 388-і бала күтімінде отырғандар», -деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар қатарында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 1 310 бала бар. Оларға 56 млн 600 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жарты жылда 25,3 млрд теңге игерілмей қалғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар