Атырау облысында 80-нен астам этностың өкілі тұрады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 80-нен астам этностың өкілі тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Атырауда 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында…» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті.

Оған қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, қазір мұнайлы өңірде 80-нен астам этностың өкілі тұрады.

«Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел – көздеген мақсатына қалай да жетеді» деген пікірін жадымызда ұстағанымыз жөн. Өйткені, еліміз тек береке мен бірліктің, ынтымақ пен қажырлы еңбектің нәтижесінде алға басады. Алдағы міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған жаңа Қазақстан құру. Бұған бірлік пен ынтымақтың нәтижесінде қол жеткіземіз. Демек, еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, ырысты ынтымақты бағалай білейік», -деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, Атырауда өзге этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттайтын 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына жыл басынан бері шетелден 36 қандас көшіп келгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар