Атырау облысында 7 айда жол апатынан 49 адам көз жұмды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 7 айда жол апатынан 49 адам көз жұмды. Оның ішінде соңғы 10 күнде 3 адам мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиевтың мәліметінше, соңғы 10 күнде 4 500-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталған.

«Атырау қаласының аумағында 1 970, қала сыртындағы тас жолдарда 1 452, Жылыой ауданында 254, Құрманғазыда 182, Махамбетте 173, Исатайда 148, Қызылқоғада 103, Индерде 97, Мақат ауданында 84 жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Жыл басынан бергі 7 айда 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза тапты. Жол апатынан 227 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы 17,9%-ға өсіп отыр», -дейді Аманжол Жұмалиев.

Оның айтуына қарағанда, «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы басталған 10 күн ішінде 3 жол-көлік оқиғасы болған. Атырау қаласы аумағында тіркелген жол апатынан 2 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал, республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолының 19-шақырымында екі автокөлік соқтығысып, салдарынан 3 адам жантәсілім еткен.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға «Сергек» жүйесінің камерасын орнату мәселесі туындап отыр. Осыған орай, «Көркем Телеком» ЖШС-нің қызметкерлерімен бірге талқылап, қала сыртындағы республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Атырау-Орал, Доссор-Құлсары-Бейнеу және облыстық маңызы бар Атырау-Индер, Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз тас жолдарына «Сергек» камерасын орнатуды жеделтету талқыланды», - деп мәлім етті Аманжол Жұмалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі көлік соқтығысып, үш адам мерт болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар