Атырау облысында 662 бала коронавирус жұқтырған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 14 жасқа дейінгі 662 бала коронавирус жұқтырған. Облыстық бас санитария дәрігері Мәдениет Танауов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтырғы 28 наурыздан биылғы 11 наурызды қоса алғанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 17 582 дерек тіркелді. Оның ішінде қауіпті вирусқа шалдыққан 14 жасқа дейінгі 662 бала бар. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған 300 жасөспірімде де коронавирус анықталды» -деді Мәдениет Танауов.

Бас санитар дәрігер өңір тұрғындарын эпидемиологиялық ахуал тұрақтағанға дейін адамдар көп шоғырланатын жерге бармауға шақырды. Әлі де әлеуметтік қашықтықты, медициналық маска кию режимін сақтау қажет.

«Еліміздің батыс аймағында 14 наурызда Көрісу басталады. Бұл күні жасы үлкен адамдарға барып көрісу дәстүрі бар. Ал қариялар вирус жұқтыру қаупі мол топқа жатады. Көршілігінің созылмалы сырқаты болуы мүмкін. Сол себептен, Көрісу мен Наурыз мерекесінде үлкендерді телефонмен, видеоқоңырау арқылы құттықтаған жөн. Бұл қауіпті вирустың таралмауына септігін тигізеді», - деді бас санитар дәрігер.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда былтырдан бері 1 мыңнан астам медқызметкер коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар