Атырау облысында 62 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында коронавируспен күреске 1000-нан астам медицина қызметкері тартылған. Оның ішінде 62-сі қауіпті індетті жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаеваның мәліметіне сүйенсек, 62 медицина қызметкерінен COVID-19 табылған. Қазір оның 17-сі инфекциялық стационарға жатқызылған.

Қауіпті індетке шалдыққандармен байланысқан тұлғалар апта сайын вирусқа тест тапсырады. Олардың күнделікті дене қызуы өлшеніп, тексеріледі. ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда жедел түрде анализ алынады.

«Дәрігерлерде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі басым. Өйткені, COVID-19 індетімен күресте дәрігерлер, медбикелер, кіші буын медқызметкерлері, санитарлар, инфекционист-мамандар алғы шепте еңбек етіп жүр. Көпшілігі бірнеше айдан бері жақындарын көрмеген. Бұл моральдық тұрғыдан өте қиын. Біз медицина қызметкерлерінің осындай жанкешті еңбегі мен кәсібіне адалдығына алғыс айтамыз. Қазіргі уақытта оларға тәулігіне 6 сағат жұмыс істеу үшін ауысымдық жұмыс әдісі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, олардың жұмыстан кейін демалуы үшін барлық жағдай қарастырылып отыр», - дейді Гүлнафис Танбаева.

Бұдан бұрын Атырауда Ұлттық сараптама орталығы филиалының директоры мен 13 қызметкері коронавирус жұқтырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар