Атырау облысында 6 күн бұрын жоғалған бақташыны тікұшақпен іздеп жатыр

None
Фото: Атырау облыстық ТЖД
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 6 күн бұрын жоғалған бақташыны тікұшақпен іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 23 мамырда Жылыой ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен бақташыны іздеуге тікұшақ тартылды.

«Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтағы шаруа қожалығының қыстағынан жергілікті уақытпен сағат 17:00-де шыққан 1986 жылғы бақташының қай бағытқа кеткені белгісіз. Оның жоғалғаны туралы 24 мамыр күні сағат 15:12-де хабарланды. Содан бері еш хабар болмай тұр. Бүгін, 29 мамырда іздестіру-құтқару жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ бортында 5 экипаж мүшесі, төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен туысқаны бар», - деп хабарлады депаратменттің қоғаммен байланыс тобы.


Шақырту түскен күні бақташыны іздеуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған. Құтқарушыларға көмекке Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен туысқандары қосылған.

Сондай-ақ, Құрманғазы ауданынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Қошалақ елді мекеніндегі «Теміржанов» шаруа қожалығынан мал іздеуге шыққан ер адам іздестіріліп жатыр.

Биыл 60 жасқа толатын бақташы 26 мамыр күні сағат 14:00 шамасында шығып кетіп, қайта оралмаған. Оны іздестіру-құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 4 қызметкер мен 1 техника шыққан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында із-түзсіз кеткен малшы іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар