Атырау облысында 500-ден астам адам нашақорлық есебінде тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 500-ден адам нашақорлық есебінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нашақорлар есебіне 508 адам алынған.

«Оның ішінде 68 адам есірткілік уыты бар трамадол дәрісіне тәуелді болған. Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығының наркология бөлімшесінде 75 адам тиісті емдеу шарасын алып жатыр. Үш адамға мәжбүрлі емдеу жүргізілуде», -дейді орталық директоры Елдос Қыдырсиықов.

Ал, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, тұрғындар тарапынан психотропты дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына қатысты шағым көбейген. Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев пен учаскелік полиция инспекторлары Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында тексеру жүргізген.

«Тексеру кезінде аталған шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 2 пәтерінен психотропты дәрі-дәрмек тұтынған 6 тұрғын ұсталды. Инспекторлар 1991, 1992, 1993, 1995, 1995 және 1998 жылғы тұрғындарды сараптамаға жеткізді. Оларға қатысты тиісті іс-құжаттары жинақталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленгенін жазған едік.

«2021 жылы 9 адам ұсталып, олардан 5 135 дана трамадол, трапикомед алынды. Ал, былтыр 17 адамнан 7 800, биылғы жыл басынан бері 9 адамнан 3 596 дана тарамадол, тропикамед, сомнол, алис дәрі-дәрмектері тәркіленді», -деп мәлім еткен еді департаменттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар