Атырау облысында 5 адам мерт болған жол апатына кінәлі жүргізуші сотталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 5 адам мерт болған жол апатына кінәлі жүргізушіге сот үкімі шықты. Жүргізуші 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының Жылыой аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлігімен айыпталған жүргізуші С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші жасаған жол апатынан 5 адам мерт болған.

«2022 жылғы 14 қаңтарда сағат 10:20 шамасында С. «Honda Odyssey» маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатып, «Ваз-211540» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ваз 211540» маркалы автокөлігіндегі жүргізуші мен 3 жолаушы, «HondaOdyssey» маркалы автокөлігіндегі 1 жолаушы қаза болған. Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен толық дәлелін тапты», - деп хабарлады Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушыға 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал, екі жәбірленушінің өкілі заң талаптарына сай жаза қолдануды ұсынған. Тағы екі жәбірленушінің өкілі талабы жоқ екенін мәлімдеді. Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.

«Сот үкімімен С. ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Сотталушыға 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 5 адам мерт болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар