Атырау облысында 47 адамның сушиден улануы: Дәмхана жұмысы тоқтатылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында сушиден уланғандардан сальмонеллез қоздырғышы анықталды, дәмхана жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылғы 28 желтоқсан мен биылғы 3 қаңтар аралығында Жылыой аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозымен 47 науқас түскен. Науқастардың «Три самурая» дәмханасынан тапсырыспен суши алып жегені анықталған.

«Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Три самурая» дәмханасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықты анықтады.

Балық, балық өнімдерін, кремдер мен соустарды, нан-бөлкелерді қабылдау, сақтау, қадағалау мен қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттама болмаған.

Бөлшектеу тақтайшалары мен пышақтар өңделетiн өнiмдерге сәйкес таңбаланбаған. Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температуралық ылғалдылықты қадағалап отыру үшін тоңазытқыш үй-жайлары, тамақ қоймасы арнайы термометр, психрометр құрылғыларымен қамтылмаған. Тамақ өнімдерін сақтау кезінде мұздатқыштарда шикі балық өнімдері мен куырылған балық өнімдері, нан-бөлке, фри, икра бірге сақталған. Балық және балық өнімдері, пицца ашытқысы сақталатын тоңазытқыш жабдықтарының температуралары өлшенбеген, температуралық режимге қадағалау жүргізілмеген, тоңазытқыш жабдықтары жеткіліксіз.

Сондай-ақ күнделікті жұмыс ауысымының басталуы алдында жұмыскерлердің денесінің ашық бетін іріңді аурулардың, шағын жарақаттардың болуына тексеру жүргізілмеген.

Санитариялық журнал жүргізілмеген. Персоналдарға арналған қол жуғыш орнатылмаған» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Бактериологиялық зерттеу қорытындысымен науқастардан сальмонеллез қоздырғышы анықталды. Сондай-ақ, суши тағамының құрамына қосылатын краб таяқшасы мен соустан алынған сынамаларда сәйкессіздіктер кездескен.

Қазір «Три самурая» дәмханасы жабылған.

«Оқиға бойынша «Санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында сушиден 43 адам уланғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар