Атырау облысында 4 айда 1,44 трлн теңге салық түсті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 4 айда 1,44 трлн теңге салық түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Әлия Байтемірованың айтуынша, жыл сайын түсімінің өскені байқалады.

«Мәселен, былтырғы мамыр айына дейін қазынаға 1 трлн 9 млн теңге салық түскен еді. Ал, биылғы 4 айда 1 трлн 44 млн теңге түсті. Салықтың көп бөлігін облыста жұмыс істейтін ірі мұнай компаниялары төлеп отыр. Осындай компаниялардың саны артса, демек салық түсімдері де молаяды», -дейді Әлия Байтемірова.

Оның айтуына қарағанда, мұнай-газ компанияларының тендерін жергілікті кәсіпорындар ұтып алса, бұл салық көлемінің ұлғаюына әсер етеді. Сонда ғана салық жергілікті және республикалық бюджетке аударылады.

«Қарапайым мысал ретінде мынаны айтуға болады. Жаңа құрылған компаниядан немесе ашылған жаңа жұмыс орнынан экономикаға оң әсер болады. Өйткені, төленген салықтың нәтижесінде түрлі салада жаңа нысандар бой көтереді. Мәселен, мектеп, не өзге де әлеуметтік нысан салынуы мүмкін. Демек, салық түсімі көбейген сайын, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалады», - дейді Әлия Байтемірова.

Ал, сарапшы Абзал Нарымбетовтің пікіріне сүйенсек, еліміз үшін мұнай газ операторларына қызмет көрсетуді жергілікті компаниялар ұтып алғаны тиімді болады.

«Еліміздегі мұнай-газ компанияларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға баса мән берілуге тиіс. Жергілікті мамандар біліктілігін арттырады. Отандық мамандар шоғыры қалыптасады. Қазақстандық мамандар аймақтың, елдің экономикасына үлесін қосады. Отандық тауарлар сапасы артады. Ең бастысы, cалық және басқа да төлемдер өзімізде қалады», - дейді Абзал Нарымбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 25 мыңға жуық атыраулық 580 млн теңгеден астам салығын төлемей жүргенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар