Атырау облысында 4 460 адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 4 460 адам қуғын-сүргінге ұшыраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысна төрағалық еткен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов

«Президенттің Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, арнайы жоспары жасақталды. Жоспарланған іс-шараларды үйлестіруге жұмылған 8 жұмыс тобы бар. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау арқылы төл тарихымызды түгендеуге берілген мүмкіндік», -деді М.Досмұхамбетов.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұқановтың айтуынша, өңірлік комиссия құрамында 27 мүше бар. Оған ғалымдар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының ректорлары, депутаттар, архив саласының мамандары мен өзге салалар өкілдері енген.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Жауымбаевтың мәліметінше ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағатында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдар сақталған.

«Сот органдары қуғын-сүргінге ұшыратқан адамдардың қылмыстық істері және ақталуға жататын адамдардың қылмыстық істерінің саны – 2 869. Бұрынғы әскери тұтқындарға және бұрынғы КСРО-ның Германиядан еліне қайта оралған азаматтарына арналған фильтрациялық және трофейлік 1 250 материал бар. Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мұрағаттық қылмыстық істері 341-ді құрап отыр. Осындай үш қорда 4 460 мұрағаттық іс сақтаулы тұр», - дейді Асылбек Жауымбаев.

Мемлекеттік мұрағаттарда сақталған материалдарда саяси репрессияға ұшырағандар мемлекеттік, лауазымдық, мүліктік және әскери қылмыс түрлерімен сотталғаны анықталған. Бұған қоса, антикеңестік үгіт-насихат жүргізген, қастандық жасау, ұйымдастырушылық контрреволюциялық, жаппай тәртіпсіздіктерге, бандалар көтерілісіне қатысу, социалистік мүлікті ұрлау баптарымен сотталған, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кеңестік тұтқындар, Гурьевте орналасқан үшінші құрылыс колоннасының жұмыскерлері ақталмаған саяси қуғын сүргін құрбандары категорияларын құрайтыны анықталып отыр.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Шахман Нағимовтың пікірінше, өткен ғасырдың 20-30-жылдары кеңес үкіметінің күшімен сайлау құқығынан айырылған азаматтардың саны Атырау облысында 3 мыңнан асады.

«Сайлау құқығынан айырылған адамдардың тізімінде кеңес үкіметіне қарсы адамдар, қанаушылар, ескіге сенушілер, кулактар, саудагерлер болған. Бұлардан өзге, ежелден халыққа аса пайдалы мамандық иелері болып табылатын малшылар, қасапшылар, шығармашылық кәсіп өкілдері де қудалауға ұшырады», -дейді Шахман Нағимов.

Оның айтуынша, 1923 жылдан бастап дауыс беру құқығынан айырылғандарды коммуналдық пәтерлерден шығару, сондай-ақ, балаларын мектептерден қуу әрекеттері болған.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – жауапты іс. Бүгінгі ел траихы, өскелең ұрпақ үшін тарихи құндылықтарымызды жаңғыртатын жаңа зерттеу жинақтары аса қажет. Осы орайда құқық қорғау органдары қажетті ақпаратпен дер кезінде қамтып, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуі тиіс», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың ауыл шаруашылығы саласында 23 жоба іске қосылатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар