Атырау облысында 346 ата-ана баласына екпе салдырмай отыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында баласына вакцина салдырудан бас тартқан ата-аналардың саны артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, өңірде әртүрлі себептермен екпеден бас тартқан ата-аналар саны азаяр емес. Олар қызылша ғана емес, туберкулез, сіреспе, көкжөтел, дифтерия және басқа да ауру түрлеріне қарсы вакцинадан бас тартуда. Бұл өте қауіпті, өйткені жұқпалы аурулар эпидемиясының қатері төнуі мүмкін. Немесе оның жаппай жайылуына әсер етеді. Биыл облыста сондай жағдай орын алғаны белгілі. Тамызға дейін 764 адам қызылша жұқтырған болатын. Одан кейін аурудың таралуын тоқтатып, әрі қарай жайылуына жол бермедік», - дейді Атырау облысы тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев.

Бүгінгі таңда 9-10 айлық 9645 бала қызылшаға қарсы екпе алған. Осының нәтижесінде қызылшаға шалдыққан балалардың саны әлдеқайда төмендеген.

«Жұқпалы аурулардан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина салдыру. Инфекция жұқтыруы ықтимал адамдардың санын азайтып, аурудың етек алуына жол бермес үшін сәбилерге тоғыз айында екпе салу туралы шешім қабылдадық. Бұрын бұл вакцина тек бір жасар балаларға салынатын», - деп түсіндірді Амантай Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар