Атырау облысында 31 орта мектепте директордың орны бос тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 31 орта мектепте директордың орны бос тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл мектептердің басшыларының бір тобы зейнетке, кейбірі қызметінен өз еркімен кеткен

«Қазір Атырау облысында жалпы орта білім беретін 31мектептің директорларының орны бос тұр. Оның ішінде облыс орталығы – Атырау қаласында 9, Жылыой ауданында 1, Исатай ауданында 6, Махамбет ауданында 4, Қызылқоға ауданында 1, Құрманғазы ауданында 7 білім ордасы басшыларының бос орнына конкурс жарияланды. Ақпан айының 22 күні кезекті тест ұйымдастырылады. Конкурс нәтижесіне сәйкес бос орындарға мектеп директорлары тағайындалады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметіне қарағанда, оқушылар 200 мектепте дәріс алады.

Оның ішінде 199 мемлекеттік, 11 жеке меншік, қазақ тілінде 138, орыс тілінде 4, аралас 58 мектеп пен 1 кешкі-ауысымдық бөлімше бар. Білім ордаларында 2015 жылы 109 392 оқушы білім алған. Ал, 2022 жылғы 1 қыркүйекте оқушылар саны 143 481-ге жеткен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез дерті анықталғанын жазған едік.

Атырау қалалық білім бөлімінің дерегінше, туберкулез дертіне шалдыққан мектеп директоры денсаулығына байланысты жұмысынан шеттетілген. Қазір ол арнайы диспансерде емделіп жатыр.

Кейін мектеп мұғалімі мен екі оқушыдан А гепатиті анықталды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, биылғы қаңтарда балалар арасында А вирусты гепатиттің 2 жағдайы тіркелген.

Ал, Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, мұнайлы шаһардағы орта мектептің мұғалімінен де А гепатиті анықталған.


Соңғы жаңалықтар