Атырау облысында 300-ге жуық медицина қызметкері жетіспейді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 300-ге жуық медицина қызметкері жетіспейді. Оның ішінде 183 дәрігердің орны бос тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният атыраулықтармен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарлама іске асырылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде Атырау облысында 2023-2024 жылдары 18 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын, оның ішінде 11 медициналық, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. Аудандық ауруханаларда қосымша бөлімшелер ашылып, медициналық жабдықтармен жарақтандыру жоспарланған.

«Жыл басында әкімдік Атырау облысында 280-нен астам медицина маманы, оның ішінде 183 дәрігер жетіспейтіні туралы мәлімет берді. Әсіресе, акушер-гинекологтарға аса қажеттілік бар. Сол себептен, өңірге кадрларды тарту мақсатында 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға 24 орын берілді. Оның ішінде екі акушер-гинеколог маманы даярланады», - деп мәлім етті Ажар Ғиният.

Ведомство басшысының дерегіне сүйенсек, Атырау облысында қан айналымы жүйесі аурулары, оның ішінде инфаркт, инсульт түрімен сырқаттанушылардың көптігі байқалып отыр.

«Өңірде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастырудағы кемшіліктің салдары үйде болатын өлім-жітімге себеп болады. Инсульттан кейін «Д» есебіне алынған адамдардың төмен үлесі 42,4% құрап отыр. Ал онкологиялық диспансерде кадр тапшылығы бар. Мұнда цитопатоморфологтар, химиотерапевтер, медициналық физиктер, торокалды онкологтар мен онкоурологтар секілді арнайы мамандар жетіспейді», - деп мәлім етті Ажар Ғиният.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 31 орта мектепте директордың орны бос тұрғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар