Атырау облысында 26 мыңнан кәсіпкерлік нысанын әйелдер басқарады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 26 мыңнан кәсіпкерлік нысанын әйелдер басқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Жетістік жолдары: әйелдер белсенділігінің қоғамдағы рөлі» атты облыстық әйелдер форумында мәлім етті.

«Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдағы тарихи табыстарымызды саралағанда, бұған әйел-аналардың қосқан еңбегі ерекшеленіп тұрады. Осы кезеңде отбасылық құндылықтарды орнықтыруда да іргелі істеріңіз көп. Отбасылық саясатты жетілдіру, ана мен баланы қолдау мақсатында маңызды құжаттар қабылданып, тұтастай жүйе құрылды. Қазақстанда Отбасы күні белгіленіп, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп, көптеген нақты іс-шара жүзеге асырылды. Осындай игі істер әр отбасының босағасының беріктігін бекемдеуге септігін тигізді. Мұның барлығы – тәуелсіз Отанымыздың баянды болашағы үшін жасалған нақты қадамдар», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, облыста «Батыр аналар» саны 10 мыңнан асады. Ал, биыл жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй қорынан 222 отбасына баспана берілген. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 400-ге жуық отбасы тұрғын үймен қамтылған. Мамандықтарға қатысты статистикаға сүйенсек, облыста педагогтардың 85, медицина қызметкерлерінің 72, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызын әйелдер құрап отыр.

«Атырауда шағын және орта бизнестің өркендеуіне әйел-кәсіпкерлер де үлес қосып келеді. Биыл әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артып, 26 мыңнан асты. Бұл жалпы тіркелген шағын және орта бизнес субъектілер санының 45 пайызын құрады», -деп мәлім етті облыс әкімі.

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рашила Мұрсалиеваның айтуынша, тәуелсіздіктің елең-алаңында қиындықтар кездескен.

«Сол кезеңде әйелдер ерлермен бірдей еңбек етіп, өздерінің қоғамдағы орнын нықтай алды. Ал, қиындықтың барлығы артта қалды. Бүгінгі жетістіктер – тәуелсіздіктің жемісі. Өйткені, Елбасы да, Мемлекет басшысы да әйелдерге әрдайым қолдау білдіріп отыр. Бұл – біз үшін үлкен демеу», -деді ол.

Форум кезінде өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бір топ әйел Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы тұрғындарының 36 пайызы спортпен шұғылданатынын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysy-turgyndarynyn-36-payyzy-sportpen-shugyldanady_a3877904 жазған едік.


Соңғы жаңалықтар