Атырау облысында 25 мың оқушы жазғы мектепке барып жүр

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жазғы мектептің жұмысы 26 мамырда басталды. Қазір оған 25 мың оқушы барып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы оқу жылының сабағы бұрынғыша 25 мамырда аяқталды. Алайда, қаңтардағы оқиғалар мен пандемияға байланысты шектеулерден оқушылардың толыққанды білім алуына кедергі келтірілді. Бұл білім сапасына елеулі нұқсан келтірмегенмен, кейбір алшақтықты туындатты. Осыған байланысты жазғы мектептерде оқытуды ұзарту туралы шешім қабылданды. Жазғы мектеп оқушылардың білімін қосымша толықтыру үшін ашылды. Сондықтан, мектеп мұғалімдері оқушылармен қосымша жұмыс істей алады», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.

Оның пікірінше, жазғы мектептің өз ерекшелігі бар. Бұл – сабақтың әдеттегі форматта өтпейтіні.

«Жазғы мектептерге 1-8 және 10-сынып оқушыларын қабылдау 26 маусымда басталды. Оның жұмысы 17 маусымға дейін созылады. Бір ерекшелігі, жазғы мектепте сабақты тек білім ошағында ғана емес, музейлерде, не таза ауада өткізуге болады. Әртүрлі танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Мұғалім экскурсия кезінде елдің тарихы мен географиялық орналасуы туралы әңгімелейді. Жазғы мектептегі сабақтар сыныптағы оқушылар санына қарамастан өткізіледі. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Мектепке еркін формамен баруға болады», - деді ол.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 130 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар