Атырау облысында 24 жастағы жігітті үш күннен бері іздеп жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 24 жастағы жігіт үш күннен бері табылмай жатыр. Ол 20 қарашада таңда үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жоғалып кеткен жігіт – Қызылқоға ауданының тұрғыны.

«Қызылқоға ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылында тұратын 24 жастағы жігіт 20 қарашада таңғы сағат 05:00-де үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда жүргені белгісіз. Оны іздестіру жұмыстары үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан 37 адам 5 техникамен тартылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Әзірге жоғалған жігітті іздеу жұмыстары нәтиже берген жоқ.

Бұдан бұрын Атырау облысында жоғалған үш адам бір күннен соң табылғанын хабарлаған болатынбыз.

Оның екеуі 20 қарашада Атырау қаласына іргелес орналасқан Құрсай ауылынан моторлы қайықпен балық аулау үшін Каспий теңізіне қарай шыққан.

Ал, 40 жастағы әйелдің Құрманғазы ауданындағы Сасықтау учаскесінен мал іздеуге шыққаны анықталған.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйіне оралмаған екі ер адам мен бір әйелді бір күннен соң тапқан.

Оларды іздеуге 10 адам мен 4 техника жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар