Атырау облысында 223 800 тонна қысқы мал азығы дайындалды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында 223 800 тонна қысқы мал азығы дайындалды. Бұл қажетті мал азығының 40,5 пайызын құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемовтің мәліметіне сүйенсек, биыл 553 мың тоннадан астам мал азығын дайындау жоспарланып отыр.

«Біздің облыста 194 413 мүйізді ірі қара, 600 477 қой және 103 355 жылқы бар. Былтыр осынша малды қысқы мал азығымен қамту үшін 563 мың тонна шөп дайындалған еді. Ал, биыл 553 мың тонна мал азығын дайындау көзделіп отыр. Осы кезге дейін 223 мың 800 тоннасы дайындалды. Қазір пішен дайындау жұмыстарына 1 769 адам мен 604 трактор, 158 жүк көлігі, 401 тіркеме, 296 шөп шапқыш, 178 шөп тайлағыш техника тартылды», -дейді Бағдат Рүстемов.

Оның дерегіне қарағанда, мал азығының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі мен «Карат» ЖШС арасында меморандумға қол қойылған. Қазір меморандумға сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен сатылып жатыр. Мәселен, Атырау қаласы мен аудандарда жем кебегінің 1 келісі 75-80 теңге тұрады. Құрама жем Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан тасымалданып жатыр.

Ал, аудандарда 1 рулон шөптің бағасы тасымалдау шығынына байланысты әртүрлі болып отыр. Мәселен, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында – 6 мың, Индер, Исатай, Махамбет, Жылыой, Мақат аудандарында 8-12 мың теңгені құрайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық жалбыз бен жауынқұрт өсіруден табыс тауып отырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар