Атырау облысында 185 борышкер 290 млн теңгенің алиментін төлемей жүр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 185 борышкер 290 млн теңгенің алиментін төлемей жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, алиментке қатысты берешекті азайту үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.

«Жұмыс тобының басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау. Әсіресе, алимент төлемей жүрген борышкерлерді анықтап, оларды жұмысқа орналастыруға ықпал ету. Осы мақсатта уәкілетті органдармен бірге 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 42 борышкер жұмысқа орналастырылды. Бірлесіп жүргізілген рейдтік іс-шаралар қорытындысымен борышкерлердің 17 көлік құралы анықталды. Ал, борышкерлер 19 бала үшін 27,2 млн теңге алиментті толық төледі. Прокурорлық ықпал ету шараларымен төленбеген алимент бойынша 62,5 млн теңгенің берешегі өндірілді. Осылайша 65 баланың құқықтары қорғалды», -деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратураның ықпал етуімен 69 борышкер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, 1 борышкер ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабымен (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Сондай-ақ, 5 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

«Қазір 42 борышкерге қатысты көлік құралдарын басқару құқығы уақытша шектелді. Ад, 102 борышкерге шетелге шығу құқығына уақытша тыйым салынды. Сөйтіп 156 баланың құқықтары қорғалды. Балалары үшін алиментін төлемей жүрген 185 қасқөй борышкер анықталды. Олардың берешегі 290 млн теңгені құрап отыр. Осыған орай, Әділет департаменті мен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін нақты міндеттер қойылып, сот актілерін тиімді орындауға байланысты негізгі мақсат айқындалды», -деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен.

Атырау облысында 5 007 борышкер 8 780 бала үшін алиментті тұрақты төлейді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда автобус жүргізушілері тегін жүруге тиіс оқушылардан ақша талап еткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар