Атырау облысында 145 мыңнан астам адам онлайн-санақтан өткен
Ұлттық статистика бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиеваның айтуынша, халық санағын өткізге 898 адам тартылған. Оның ішінде 111 нұсқаушы-бақылаушы, 787 интервьюер бар.
«Онлайн-санақтың артықшылығын түсіндіру мақсатында 7-13 қыркүйекте департамент мамандары 30-дан астам ірі кәсіпорында, мекеме мен ұжымдарда кездесу өткізіп, практикалық көмек көрсетті. Соның нәтижесінде 18 қыркүйекке дейін 145 089 адам онлайн-режимде санаққа қатысты. Бұл облыс тұрғындарының 21,9%-ын құрайды» - дейді Галя Мұханғалиева.
Оның айтуынша, облыста 90-нан астам учаскеде санақ бұрышы ашылған. Енді 50-ге жуық волонтерді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тарту көзделіп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда халық санағын жүргізуге арналған 100-ден астам бұрыш ашылғанын жазған болатынбыз.