Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Атырау облысында 14 медициналық емдеу нысаны салынады

2022 жылғы 12 маусым 09:24

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 14 медициналық емдеу нысаны салынады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарма басшысының айтуынша, Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына 14 медициналық емдеу нысанын ашу енгізілген. Қазір 4 нысанның құрылысы басталған.

«Облыстың денсаулық сақтау саласында 35 мекеме бар. Онда 6 747 медицина қызметкері тұрғындарғы қызмет көрсетеді. Атырау қаласындағы «Өркен», «Нұрсая» шағын аудандарында №4 және №5 қалалық емханаларға қосымша 250 келушіні қабылдайтын екі қалалық емхана құрылысын салу жоспарланып отыр. Емханалардың жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Сонымен қатар, 250 емделушіге арналған психикалық денсаулық орталығы салынады. Оның құрылыс жұмыстары осы жылдың 4-тоқсанында басталады», -дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның мәліметіне қарағанда, Атырау қаласында құрылысы басталатын жедел жәрдем стансасын 3 подстанциясымен салу жобасына түзету енгізілген. Қазір жаңа жоба ішкі аудит департаментінде сараптамадан өткізіліп жатыр.

«Жаңа нысаның құрылысын 3-тоқсандан бастау көзделген. Облыстық онкологиялық диспансер маңынан радиологиялық корпус салу жоспарланып отыр. Оның жобалық-сметалық құжатын дайындау қолға алынды», -деп мәлім етті басқарма басшысы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Референдум күні Атырауда 33 нәресте өмірге келгенін жазған едік.


Автор:

Бек Мұстафа

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары