Атырау облысында 132 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 2018 жылы Атырау облысындағы 132 мектеп пен 93 денсаулық сақтау нысандары талшықты-оптикалық байланыс желілеріне (ТОБЖ) қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында аймақтағы телекоммуникацияны дамыту перспективалары мен «Қазақтелеком» АҚ Атырау облысын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Бүгінгі күні Атырау облысының барлық аудандары талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылған. Кей тұрғындар ғаламтор және цифрлық теледидар қызметтеріне қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендер 100% телефонмен жабдықталған.

163 ауылдың 86-сына ТОБЖ бойынша көлік инфрақұрылымы жүргізілді, ал қалған ауылдарда радиорелье желілері, спутник желісі және CDMA-450 радиосы пайдаланылды.

Осылайша, Атырау облысы өңірлер рейтингінде талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылу бойынша бірінші орында тұр.

Бұған қоса, 2018-2020 жылдарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде 16 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында тараптар Атырау облысы Құрманғазы ауданының ғаламтор желісіне қолжетімділік жайын сөз етті. Бүгінгі таңда ауданда 7 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда телефон және CDMA-450 мүмкіндіктері бар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері спутниктік жүйелер арқылы желіге қол жеткізе алады. Бірақ бұл аймақта кеңжолақты ғаламторды қосу мүмкін болмай отыр.

Тараптар сонымен қатар, оптикалық байланыс желілерін құру мүмкіндігін талқылады. 2019 жылы ТОБЖ жақын жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы арқылы Құрманғазы ауданының (шамамен 120 км) ірі елді мекені Сүйіндік ауылына салынуы мүмкін.

Бұдан басқа, Атырау қаласы және облысына 11 Мбит / сек жылдамдықпен 11 ғаламтор-сервис орталығын қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 8 Халыққа қызмет көрсету орталығында 8 Мбит/с қатынасы ұйымдастырылды, бұл ретте 3 ХҚКО-да 10 Мбит/с-тен асатын жылдамдық бар.

«Біз облыста талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Алдағы басымдықтардың бірі  - елді мекендердің және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жоғары жылдамдықты ғаламторға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл мәселе бойынша тиісті тапсырмалар берілді», - деп атап өтті кездесу барысында Қуанышбек Есекеев.

Ғаламтор қолжетімділігін жақсарту үшін телекоммуникация желілерін жаңғырту және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кездесу барысында тараптар білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару саласында цифрландыруды одан әрі жүзеге асырудың бірлескен жоспарын талқылады.

Өз кезегінде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылатын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет атап өткендей, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі - цифрлық бөліністі жою, халықтың байланыс қызметтері мен ғаламторға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан өңірдің шалғайдағы елді мекендеріне байланыс пен ғаламтордың барлық түрлерін орнатуды қолдауға дайын» деді Нұрлан Ноғаев.

Тараптар атап өткендей, Атырау облысында телекоммуникация саласын дамыту бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар