Атырау облысында 130 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жаз мезгілінде 130 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында Атырау облысында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Білім және ғылым министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі 70-ке жуық іс-шараны қамтитын жоспар жасақтады. Жоспар аясында жыл басынан бүгінге дейін 40 іс-шара өтіп, нәтижесінде 55 мыңнан астам бала қамтылды», - дейді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің мәліметінше, балалар мен жасөспірімдердің спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге тегін баруы үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 3,5 мың бала қамтылған. Енді бұған қосымша 2 мың жасөспірімді қамту жоспарланып отыр.

Ал, жаз мезгілінде демалу және сауықтыру шараларымен 130 мыңнан астам бала қамтылмақ. Қазір облыста 1-10 сыныптардағы оқушылар саны – 134 500, бұл - оқушылардың 97 пайызы.

«Аз қамтылған отбасылардағы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Атырау қаласының маңында 3 лагерь жасақталды. Ресей Федерациясының аумағында орналасқан 1 лагерьге 1,5 мың баланы жіберу жоспарланып отыр. Аталған лагерьлер 10 маусымда келушілердің алғашқы легін қабылдайды. Аз қамтылған отбасылардағы балалар үшін жазғы демалысқа қосымша демеушілік көмек көрсетіледі», - деп мәлім етті облыс әкімі.

Айтуынша, ерекше балалар, тұрмысы төмен және көп балалы отбасындағы балалар мен ауылдық жерлердегі оқушылардың олимпиадалық резерв мектептерінде, лицейлер мен гимназияларда сапалы білім алуына қолдау көрсетіліп отыр. Осы мақсатта облыста «Бір пән – бір оқушы – бір нәтиже» жобаcы жүзеге асырылып жатыр. Жоба нәтижесінде биыл 46 оқушыға жолдама берілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда оқушылар жаз бойы қоғамдық көлікте тегін жүретінін жазған болатынбыз.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар