Атырау облысында 108 әлеуметтік қызметкер қарттарға қолғабыс етеді

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 108 әлеуметтік қызметкер қарттардың үйіне барып қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Құралай Тілеумағамбетованың мәліметіне сүйенсек, жалғызбасты және мүгедектігі бар 567 қария бар.

«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес қызметкерлер жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің үйіне аптасына екі рет барып, 2 сағат қызмет көрсетеді. Олар қариялардың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, 10 күнде бір рет терезелерді, еденді жуып береді. Мұндай арнаулы әлуметтік қызмет денсаулық жағдайына байланысты өзін-өзі күте алмайтын қарттарға да көрсетіліп отыр. Әлеуметтік қызметкерлер қарияларға төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақтану, сусын ішу, төсекке жату секілді күнделікті қарапайым процедураларды орындауға көмектеседі. Егер қариялар үйден тыс жерге шығатын болса, онда бір елді мекеннің шегінде бірге ілесіп жүреді», -дейді Құралай Тілеумағамбетова.

Оның айтуынша, Атырау облысында 2079 қарияға жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек тағайындалған.

Ал, Атырау қаласы бойынша өткен жылдан бастап егде жастағыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» бастамасы қолға алынған.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде іске асқан жоба арқылы 150 зейнеткер ән айту, спорттық секциялар, оның ішінде шахмат ойнау мен бассейнге түсу, атпен серуендеу және компьютерлік сауаттылықты арттыру үйірмелерінен қызмет алып отыр.

Еске ала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс жобасы түсіндірілгенін жазған едік.


Фото: kiidu.com




Соңғы жаңалықтар