Атырау облысында 10 әлеуметтік нысанның құрылысында қиындық туындады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бюджет қаржысына салынып жатқан 28 нысан бар. Алайда, 10 нысанның құрылысында проблема туындап отыр. Осыған орай облыс әкімі әлеуметтік нысандарды мерзімінде аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов құрылысы мерзімінен кешіктірілген әлеуметтік нысандарға қатысты жиын өткізді. Құрылысы аяқталмай қалған жобалар жөнінде облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайынов баяндады.

«Қазір бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан 28 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 10 нысанның құрылысына қатысты проблема туындап отыр. Сондай нысандардың қатарында 1 мектеп, 4 мектептің жапсаржайы, 2 мәдениет үйі, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 спортзал бар. Бұл нысандардың 4-еуіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Исатай ауданының Аққыстау ауылы мен Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы баяу жүріп жатыр», -дейді Нұрберген Құсайынов.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов нысандар құрылысына тапсырыс беруші мен мердігер мекеменің арасында жасалған келісімшарттың орындалу мерзімін негізсіз ұзартпауды қатаң ескертті.

«Заң аясында жұмыс істеу керек. Егер мердігер кестеге сай жұмыс істей алмаса, келісімшартты тоқтатып, басқа мердігерді іздеу керек. Осылай жұмыс істейтін болсақ, кәсіпкерлер де осы тәртіпке үйре неді. Бұл іс қолынан келмейтін болса, келесі жолы мұндай жұмыстарға араласпайды. Қазір кейбір елді мекендерде клуб, мектеп, спортзал, асхана жоқ. Тұрғындар осындай әлеуметтік нысандардың тез пайдалануға берілуін күтіп жүр. Бұдан бөлек, мердігер мекеменің құрылысты сапасыз аяқтау мәселесі де бар. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін нақты алгоритм дайындап, соған сәйкес, жұмыс істеу керек», -деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Астрахан-Маңғыстау» су құбырына күрделі жөндеу керектігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар