Атырау облысында 1 мың адамды кәсіпке қайта даярлау басталды
2022 жылғы 14 тамыз 17:58

Атырау облысында 1 мың адамды кәсіпке қайта даярлау басталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жұмыссыз жүрген 1 мың адамды кәсіпке қайта даярлау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, жұмыссыз жүрген 1 мың адам 11 мамандық бойынша қайта даярлау курсынан өтеді.

«Қайта даярлау курсы екі айдан төрт айға дейін жалғасады. Мәселен, 4-10 шілде аралығында жұмыссыздарды оқытуға іріктеу басталып, оған 680 адам қатысты. Қазір «Теңізшевройл» ЖШС-нің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында «APEC Petro Technic» жоғары колледжінде, «ILT» оқу орны мен «Ақтау» оқу орталығында 11 мамандық бойынша 350 адам қабылданып, қайта даярлау басталды. Мұнда еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға оқыту жүргізіліп жатыр. Жұмыссыз адамдар құрылыс ағаштарын монтаждаушы, жұмысшы-бетоншы, қалыптаушы және арматурашы, құбыр монтаждаушы, металл конструкцияларын монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, металл конструкцияларын дәнекерлеуші, бояушы, оқшаулаушы және тағы басқа мамандықтар бойынша оқытылады. Оқыту курсы аяқталған соң, бітірушілерге кәсіби білімін дәлелдейтін арнайы сертификат беріледі», -дейді Азамат Мамбетов.

Оның айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қосалқы мердігер мекемелеріне, отандық компанияларға жұмысқа орналастыру үшін қайта даярлау курсынан өткен мамандар арасында іріктеу жүргізіледі.

«Атырау облысында 2019 жылдан бері 1 139 адам қайта даярлау курсынан өткен. Оның ішінде 692 адам жұмыспен қамтылған болатын. Биыл жұмыссыз жүрген 918 адамды 11 мамандық бойынша қысқа мерзімді курста оқыту жоспарланып, оған жергілікті бюджет есебінен 158,6 млн теңге қарастырылып отыр. Бұған қоса «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаражаты есебінен 1 мың адам оқытылады», -деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 2 мыңға жуық жұмыссыз адамды оқытуға 158 млн теңге бөлінгенін хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT