Атырау облысынан Сенат депутаттығына 6 кандидат ұсынылып, 5-еуі тіркелді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысынан Сенат депутаттығына 6 адам өзін-өзі ұсынған. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 5 адамды кандидат ретінде тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, өзін-өзі ұсынғандардың арасында 1 әйел, 5 ер адам бар.

«Кандидаттардың орташа жасы – 51-де. Ең жасы – 42, үлкені 59 жаста. Олардың арасында 2 заңгер бар. Өзгелері ауыл шаруашылығы, медицина, білім және мұнай-газ өнеркәсібі саласының мамандары. Үш кандидат мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерде, 1-еуі коммерциялық құрылымда жұмыс істейді. Тағы 1-еуі мәслихат аппаратының қызметкері болса, 1-еуі – жұмыссыз», -деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституциямен және Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу жөнінде тиісті сұрау салулар жолдаған. Соның нәтижесінде 5 кандидаттың сәйкестігі расталған. Ал, 1 кандидаттың сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмауына байланысты қойылатын талаптарға сәйкес келмеген.

«Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 73-бабына сәйкес Парламент Сенатының депутаттығына 5 кандидаттың тіркелгендігі жөнінде хабарлайды. Олар – Иманғалиев Ербол Зиноллаұлы, 1976 жылы туған, Атырау облыстық ауруханасының директоры, Атырау қаласының тұрғыны; Қасымғалиев Қанатбек Махмудұлы, 1979 жылы туған, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, Атырау қаласының тұрғыны, Нәутиев Әлібек Ибатоллаұлы, 1963 жылы туған, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, Атырау қаласының тұрғыны, Сәрсемалиев Ғилман Әміржанұлы, 1968 жылы туған, Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры, Атырау қаласының тұрғыны, Шеркешбаева Бағыт Кеңесқызы, 1964 жылы туған, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры, Атырау қаласының тұрғыны», -деп мәлім етті облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталғаны хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар