Атырау облысына зауыттан 66 тонна қант жеткізілді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына зауыттан 66 тонна қант жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Идеал маркет» ЖШС қойма логистикасы бекетінің директоры Қуаныш Әлімбетовтің мәліметінше, Атырауға Алматы облысындағы «Көксу қант» зауытынан 2 вагонмен қант жеткізілген.

«Аталған зауыттан 66 тонна қант жеткізілді. Атырауда «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 35 сауда нүктесі бар. Қант сол сауда желісі арқылы сатылымға шығарылды» - дейді Қуаныш Әлімбетов.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің айтуынша, аталған зауыттан өңірге қосымша 408 тонна қант жеткізу үшін келісім жасалған. Сәуір айынан бері өңірге 536 тонна қант жеткізілді. Ал, «Идеал Маркет» ЖШС-нің сауда желілеріне 6 вагонмен 408 тонна, өзге супермаркет желілеріне 2 вагонмен 128 тонна қант тасымалданған.

«Қазір Атырауда бөлшек саудадағы қанттың бағасы – 385 теңге. Енді сатылымға шығарылатын қанттың 1 келісін 500-517 теңгеден сату басталады. Бұған тасымалдау құнының қымбаттауы себеп болып тұр. Жақын күндері Алматы облысындағы «Көксу қант» зауытынан тағы 2 вагон қант жеткізіледі», - деп мәлім етті Қуаныш Алимбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына зауыттан 408 тонна қант жеткізілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар